15 мамыр

Астанада «Fitness Park Astana»-ның екінші маусымы басталды

Жексенбі күні, 14 мамырда, әр апта сайын өтетін «Fitness Park Astana» спорттық-бұқаралық шарасы басталды. Астаналық саябағында өткен шараның ашылуына елорда әкімі Әсет Исекешев те қатысқан болатын.

Бұқаралық спорттық шарасының ұйымдастырушысы екінші жыл бойы Астана қаласының әкімдігі болса, биыл оған ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті қосылды. Бұл жолы ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, «Fitness Park Astana» жобасына сәттілік жолдау үшін олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов пен Олимпиада Ойындарының жүлдегері Георгий Цурцумия келді.

Аталған шара «Outdoor Sport Area» форматында өтеді. Демек, жаппай жаттығулар ашық аспан астында жасалады.

Астананың үздік спорт жаттықтырушылары тегін жаттығуларды бес бағыт бойынша жүргізеді: Cross-Fit, Бразилиялық джиу-джитсу, Zumba, Combat-battle және Йога.

Ашық аспан астындағы жаттығулар жаз бойы «Астаналық», «Жерұйық» және «Студенттік» саябақтарда әр жексенбі сайын сағат 10:00-13:00 аралығында өтеді. 21 мамырдан бастап «Жерұйық» саябағында CrossFit элементтерімен бір сағаттық жаттығу өткізіледі. Бұдан басқа, Zumba және дәстүрлі джиу-джитсу жаттығуларына қатысуға болады. «Студенттік» саябақта аталған бағыттардан басқа тай боксынан жаттығулар ұйымдастырылады.