8 мамыр

ҚР ҰОК Президенті спорт ардагерлерін Жеңіс Күнімен құттықтады

Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы Тимур Құлыбаев отандық спорт майталмандары мен тыл ардагерлерін – Жеңіс Күнімен құттықтады.

Қазақстандағы көптеген спорт түрлерінің бастау алуына қомақты үлес қосқан, даңқты боксшы Садчиков Виктор Семеновичке, КСРО мен Қаз ССР әйгілі жеңіл атлеті Кадяйкин Евгений Семеновичке және конькимен жүгіруден КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушы, коньки спортынан алғашқы спорт шебері Хван Май Ундеевичке жолдаған құттықтауында ҰОК президенті 1945 жылғы Ұлы Жеңіске қосқан есепсіз үлестері үшін алғысын білдірген.

«Ұлы мейрам – Жеңіс күні қарсаңында сол кезде жас бола тұра әлемде бейбітшілікті сақтап қалуға қосқан үлестеріңіз бен қиын- қыстау заманда мойындарыңызға артылған ауыр жүкті абыроймен атқарғандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтуға рұқсат етіңіздер.

Бүгінде «сізге рақмет!» деп жекелей алғыс білдіретін аға ұрпақ өкілдерінің саны азайып барады. Дегенмен майданда қасық қаны қалғанша соғысқан және тылда талмай-тынбай еңбек еткен ардагерлеріміздің батырлығы біздің жадымызда мәңгі сақталады. Ұл Отан соғысы жылдары сіздер танытқан ерлік пен өжеттілік Отанға деген махаббаттың айғағы болатын. Біз сіздерге ашық аспан, балаларымыздың тыныш ұйқысы үшін алғыс айта отырып, патриоттық сезімді қазіргі жастарға, болашақ ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек.

Құрметті біздің ардагерлер, сіздердің алдарыңызда бас ие отырып, мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз!»– деді Т.Құлыбаев.

Құттықтау хаттарымен бірге талай ұрпақты спортқа баулыған ардагерлерге Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті атынан қаржылай сыйлық табысталды.