19 сәуір

Түркіменстан Президенті қазақ тіліне аударылған кітаптарының тұсаукесерінде қатысты

Бүгін Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердымухамедов қазақ тіліне тұңғыш рет аударылған «Ақалтеке тұлпары - мақтанышымыз бен абыройымыз», «Көк тұлпарларының самғауы», «Тұлпардың шапшаң шабысы» атты кітаптарының тұсаукесеріне қатысты. Шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті, Қазақстан Республикасының министрліктері мен ведомстваларының, Түркіменстандық делегация мен еліміздің спорт қоғамдастығы өкілдері де қатысты.

Түркіменстан Президентінің кітаптарын қазақ тіліне аударып, басып шығару Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен іске асты.

Түркіменстан басшысы ақалтеке жылқысының қыр-сырын жақсы біледі және де «Ақалтеке тұлпары - мақтанышымыз бен абыройымыз» атты еңбегінде осы жылқы туралы ерен мақтанышпен айтады. Кітаптың алғы сөзінде автор былай жазады: «Біздің ұлттық мақтанышымыз бен абыройымыз, Түркіменстанның мемлекеттік елтаңбасының әшекейіне айналған ақалтеке тұлпары – біздің тәуелсіз бейтарап Отанымыздың нақты символы, оның бүкіл халықпен бейбітшілікке және достыққа талпынушылығының бейнесі».

Түркіменстан Президентінің «Көк тұлпарларының самғауы» фотоальбом-кітабында түркімен елінің жылқы шаруашылығының ұлттық дәстүрлерін сақтап, оны дамыту, ақалтеке тұлпарларының санын көбейту, әлемде оны насихаттау сияқты Түркіменстанның мемлекеттік саясатының басым бағыты туралы мәселелер жазылған.

«Тұлпардың шапшаң шабысы» атты кітапта ұлттық құндылықтар арасында ерекше орын алатын түркімен тұлпары туралы фактілер ғылыми, тарихи және әдеби биографиялық негізде жүйеге келтірілген.

Түркменістан Президенті Гурбангулы Бердымухамедов тұсаукесер кезіндегі өз сөзінде кітаптарының қазақ тіліне аударылып, жарыққа шығарылғанына алғысын білдіріп, қазақ елінің қонақжайлылығын ерекше атап өтті.

Қазақ тіліне жарық көрген кітаптарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті Астана және Алматы қалаларындағы, еліміздің аймақтарындағы кітапхана қорларына, оқу орындарына тарататын болады.

Айта кетейік, аталған кітаптар Түркімен мемлекеттік баспа қызметінде 2011 және 2016 жылдары түркімен және орыс тілдерінде басып шығарылған. Бұл жолы да кітаптар осы баспа қызметінде әрбіреуі мың данамен шығарылды.