15 мамыр

Алматыда «Olympic moves» спартакиадасының аудандық кезеңі басталды

13-14 мамыр күндері Алматыда ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен "Coca Colа" компаниясының ұйымдастыруымен 5-8 сынып оқушылары арасында"Olympic moves" спартакиадасының аудандық кезеңі басталды.

Жарыстың бірінші күні, Медеу, Жетісу, Бостандық және Түрксіб аудандарының оқушылары спорттың төрт түрінен өзара мықтыны анықтады: жеңіл атлетика (5 сынып), шағын футбол (6 сынып), баскетбол (7 сынып) және волейболдан (8 сынып).

Жеңімпаз атанған командалар мамырдың 28-і күні Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің спорт кешенінде өтетін қалалық турнирдің шешуші кезеңіне жолдама алады.

Жалпы аудандық кезеңде Алматы қаласының 8 ауданындағы 201 мектептің 2100-ге жуық оқушылары бақ сынауда. Бүгінгі жарыстар №198, 163, 118 және 68 мектептерінде өтті.

- Ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз және осындай керемет турнир біздің мектепте өтіп жатқанына қуаныштымын. Балалар да мәз-мейрам, бұл мереке оқушыларға арналған, сондықтан, біз әрқашан салауатты өмір салтын ұстанып, оларды қолдауымыз керек, - деп №163 мектеп директоры Айымгүл Иманғалиева тілек білдірді.

Жарыс нәтижелері бойынша жүлделі орындарға грамоталар берілді, ал бірінші, екінші орындарды иеленген қатысушылар қалалық турнирге жолдаманы жеңіп алды.

- Мен футболмен 5 жыл бойы айналысып келемін, маған өте ұнайды. Бүгін командамызбен екінші орын алдық. Біз енді Медеу ауданының намысын турнирдің финалында қорғайтын боламыз. Жеңеміз деп сенемін, - деп №52 мектебінің 7 сынып оқушысы Ромина Иманжанова өз ойымен бөлісті.

Айта кетсек, бұл жарыстар ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті мен Coca Colа компаниясының ұйымдастыруымен, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен салауатты өмір салтын насихаттау, жеткіншектерді спортқа қызықтыру мақсатында ұйымдастырылып жатыр. Ендігі аудандық ойындар Алматы қаласының келесі мектептерінде өтетін болады:

- Алатау ауданы – ЖМ №152;

- Әуезов ауданы – ЖМ №114;

- Алмалы ауданы – Гимназия № 79;

- Наурызбай ауданы – ЖМ №157.

Айта кету керек, Қазақстан «Olympic moves» халықаралық жобасы ұйымдастырған тоғызыншы мемлекет болып табылады. Биыл жарыс тек Астана мен Алматы мектеп оқушыларын қамтыса, келер жылдары бүкілреспубликалық деңгейге шығатын болады.