19 ақпан

Ақ Азиаданың алауы тұтанды

Бүгін Жапонияның Саппоро қаласында VІІІ қысқы Азия ойындарының ресми түрде салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Саппородан ҚазАқпарат тілшісі.

Ресми түрде ашылған Ақ Азиада ойындарының шеруінде Қазақстан туын шаңғы жарысынан бес дүркін Қазақстан чемпионы Ердос Ахмадиев ұстап шықты. Осы орайда айта кетейік, Азиада ойындарының тарихы 1952 жылдан басталады. Ал 1986 жылы алғаш рет қысқы Азиада ойындары ұйымдастырылды. Ауқымды Қысқы Азиада ойындарының тарихына үңілетін болсақ, алғашқы жарыс осы Саппоро (Жапония) қаласында 1986 жылы 1-8 наурыз аралығында өткен еді. Мұнда спорттың 8 түрі бойынша жүлделер сарапқа салынған. Аталмыш жарысқа 7 елдің спортшылары қатысып, тек 4 елдің спортшылары ғана жүлделі орындарға ие болған. Екінші қысқы Азиада ойындары 1990 жылдың 9-14 наурыз аралығында тағы да Саппоро қаласында өтті. Мұнда спортшылар спорттың 6 түрі бойынша бақ сынасты. 10 елдің спортшылары қатысқан екінші қысқы Азиада ойындарынан 5 елдің спортшылары ғана елдеріне жүлдемен оралған. Қазақстан Республикасы 1996 жылы 4-11 ақпанда Харбин (Қытай) қаласында өткен үшінші қысқы Азиада ойындарына алғаш рет қатысты. Бұл жолы спорттың 7 түрі бойынша медальдар сарапқа салынған. Қытай жерінде өткен жарысқа 17 елдің спортшылары қатысып, 5 елдің спортшылары жүлделі орындарды өзара бөліскен. Байрақты бәсекеде қазақстандық спортшылар 14 алтын медаль еншілеп, жалпы командалық есепте 2 орынға тұрақтады. 1999 жылы Кангвон (Корея) қаласында өткен 4-ші қысқы Азиада ойындарында да Қазақстан спортшылары жақсы өнер көрсетті. Олар 10 алтын, 8 күміс және 7 қола жүлдені қанжығаларына байлады. 2003 жылы Аомори (Жапония) қаласында өткен жарыста да қазақстандықтар тамаша ойын өрнегін көрсете білді.

Жапон жерінде отандастарымыз 7 алтын, 7 күміс және 6 қола медальға ие болған. Ал 2007 жылы Чангуин (Қытай) қаласында өткен 6-шы қысқы Азиада ойындарында қазақстандық спортшылар 6 алтын, 6 күміс және 6 қола медальді қанағат тұтты. 2011 жылға дейін қысқы Азиада ойындары тек Жапония, Қытай, Корея елдерінде ғана өткізіліп келген. Ал VII Қысқы Азиада ойындары тұңғыш рет ТМД елдері арасында Қазақ елінде байрағын желбіретті. Онда отандастарымыз 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медаль еншілеп, жалпы есепте бірінші орынды жеңіп алған болатын. Міне, бүгін осы ірі жеңістен кейінгі кезекті Азиада ойындарының алауы тұтанды. Жерлестерімізге тек жеңісті жолдар жалғаса берсін деп тілейік. Естеріңізге сала кетейік, VIII қысқы Азиада ойындары Жапонияның Саппоро қаласында 19-26 ақпан аралығында өтеді. Жалпы жарыста 31 елдің спортшылары 11 спорт түрінен 64 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Бұл бәсі биік додаға еліміздің намысын қорғауға 153 спортшы келді. Айта кеткен жөн, кеше алғашқы іріктеу сындары басталған болатын. Онда хоккейден Қазақстанның әйелдер құрамасы жергілікті спортшылармен бақ сынасып, өкінішке қарай, қарсыластарынан 0:5 есебімен ұтылып қалды. Ал ертең, яғни 20 ақпан күні біздің хоккейші аруларымыз қытай құрамасымен ойнайды.