19 мамыр

Спорт ардагерлері олимпиадалық «Чемпиондар Аллеясына» ағаш отырғызды

Бүгін қазақстандық олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, Олимпиадалық қозғалыстың еңбегі сіңген қайраткерлері Астанадағы спорт жұлдыздарының аллеясына ағаш отырғызды.

Бүгін “Чемпиондар Аллеясына” су добынан Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Сергей Котенко, баскетболдан Сеул Олимпиадасының жеңімпазы Валерий Тихоненко мен Атланата ойындарында грек-рим күресінен топ жарған Юрий Мельниченко, Сидней Олимпиадасында жеңіл атлетика спортынан алтын медаль иеленген Ольга Шишигина мен боксшы Ермахан Ибраимов, Мюнхен Олимпиадасында жүзуден жүлдегер атанған Виктор Абоимов пен Атланта және Сидней ойындарында бокстан жүлдегер атанған Болат Жұмаділовтер қолдарына күрек алып, ағаш екті.

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен Астана қаласы әкімдігінің “Чемпиондар Аллеясы” атты бірлескен эко-бастамасы дәстүрге айналды. Былтыр Риодағы Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері “Чемпиондар Аллеясына” көшеттер отырғызып, негізін қалаған болатын.

«Бүгін "спорт ардагерлерінің аллеясы" болды. Өйткені өткен жылдардағы Олимпиа ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері жиналды. Бұл әрине өскелең ұрпаққа арналған игі іс. Ұлттық Олимпиадалық комитеттің бұл бастамасын басқа да ұйымдар қолдап, астананың көгалдандыруға өз үлестерін қосады деп ойлаймын», - деді Сидней Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина.

Баскетболдан 1988 жылы Сеулде өткен Олимпиада ойындарының чемпионы Валерий Тихоненко осындай шараларға қатысуға әр кез дайын екенін жасырмады. «Спортшылар тек жарыстардан медальдер әкелумен ғана шектелмей, осындай игі бастамаларға қатысып үлгі болулары керек. Олимпиадалық комитетке үнемі бізді осындай шараларға шақырып отырғандарына алғыс айтамын. Бүгін міне талай достарымды көріп, қуанып тұрмын», дейді Валерий Тихоненко.

Ермахан Ибраимов ҚР ҰОК мен Астана қаласы әкімдігіне алғысын білдірді: «Осындай "Чемпиондар Аллеясы" еліміздің өзге де қалалары мен аудандарында пайда болады деп үміттенемін».

“Ғашықтар саябағы” жаңа аллея үшін кездейсоқ таңдалған жоқ. Өйткені бұл жер Астана тұрғындары мен қала қонақтарының сүйікті демалатын орнына айналған. Сонымен қатар, чемпиондар аллеясы үнемі кеңейіп отырмақ.

Астана әкімдігі қаланы көгалдандыру мен шахардың барлық аудандарында саябақтар санын арттыру сияқты үлкен мақсаттар қойып отырғандықтан, Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бұл бастамасына бірден қолдау білдірді.