Ойындар Олимпиада ойындары

Олимпиада ойындары

Біздің дәуірімізге дейінгі 776-жылы Олимпиада мейрамы гректер арасында кеңінен мерекеленді. Бұл жылы Олимпиада Ойындарының шежіресі алғаш рет таңбаланды. Сол кездегі көне грек елінде мынадай игі дәстүр таралды: Олимпиада Ойындарының жеңімпаздары – олимпиониктердің есімін Алфей өзенінің бойына орнатылған мәрмәр колонналарда қашап жазды. Осы ежелгі ғұрыптың арқасында біздің заманымызға дейінгі 776-жылғы ойындардың алғашқы жеңімпазының кім екенін білеміз. Корэб аталған олимпионик Элидалық аспаз болатын. Алғашқы он үш ойын тек бір ғана жарыс түрінен өткізілді. Бұл үшін сайыскерлер Зевстің алты баспалдағының ұзындығына сай қашықтыққа жүгіріп жарысты. Аңыздарға сүйенсек, Олимпиядағы бұл қашықтықты Гераклдың өзі өлшеген кезде 192 метр 27 сантиметр болыпты. Баршаға жақсы таныс «стадион» сөзі де осыдан кейін дүниеге келсе керек. Әу басында Ойындарға Элида мен Элис қалаларының атлеттері ғана қатысқан көрінеді. Алайда, бұл сайыстың қызықты болғандығы соншалық, күллі грек елі татулыққа шақыратын жарысқа қатысуға ынталылығын білдірді. Бұл дәстүр кеңінен қанат жайып, тіпті Олимпиада Ойындары өткізілген кезде қанға бөккен майдан даласындағы айқастар уақытша тоқтады. Күні кеше ғана бітіспес жау болған қарсыластар қару-жарағын жиып қойып, Грекияның әр тарабынан Олимпияға ағылды.

Өзге қалаларға ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі бар Олимпия шаһары Ион теңізіне құятын Алфей өзенінің бойындағы Грекияның оңтүстік-батысында орналасқан. Алфейдің солтүстік жағалауы қаулаған орман алқабына ұласқан жазық далалық алқап. Алыстан мұнартқан таулардың басын қар көмкеріп жатыр. Ойындар өткізілген кезде ғана Олимпия адамдардан арылмайды. Әдетте, бұл жер құдайларға тиесілі делінгендіктен, мұнда көп ешкім келе бермейді. Сондықтан, бұл мекенге дінбасылар мен осындағы қорымдар мен қазынаны күзетушілер ғана қоныстанды. Алқаптың қақ ортасында осы жердің кіндігі іспеттес Альтис айқын көрінетін. Жасыл желекке жайқалған алаңда алыстан көз тартатын Зевс, Гера, Деметрдің храмдары мен көне грек сәулет өнерінің ескерткіштерінің ішінде тамаша мүсіндер орнатылған еді. Олардың ішінде белгілі грек сәулетшісі Праксительдің қолынан шыққан Гермес пен сол кездегі аса ірі сәулетшілердің бірі Фидия алтын мен піл сүйегінен жасаған он екі метрлік Зевсті айта кетуге болады. Түрлі қалқандар мен амфора, ваза мен қымбат дулығалар осы көне құрылыстардың айбынын асқақтата түсті. Зевс храмының солтүстік бетінде бес жұлдыз пішінінде қабырғамен қоршалған төбе жатыр. Аңыздарға сүйенсек, бұл жерде Пелопс жерленген көрінеді. Одан сәл әрідегі Кроносс төбесінің етегінде Гера храмында Ифит пен Ликургтың бәтуаласқан сөздері жазылған жез диск ұзақ уақыт сақталды. Осы Альтистің аумағында, солтүстік-батыс беттегі құрылыстарда грек мемлекеттері мен қалаларының, қалаберді қарапайым азаматтардың қымбат тарту-таралғылары сақталған. Альтистегі осы ғимараттардың арасындағы жетпіс шақты алтарьда Көне Грекия сыйынған көптеген құдайларға құрбандық шалынды.

Киелі тоғайдың солтүстік-шығыс жағында Альтистен төрт метрдей төменде орналасқан стадион бар. Бұл стадион ұзындығы отыз екі метрге созылған жерасты жолы арқылы Альтиспен жалғанған. Жарысқа қатысушылар құдайларға арнап құрбан шалғасын, төрешілердің жөн сілтеуімен осы жол арқылы стадионға жарысқа қатысуға шығады. Батыстан шығысқа қарай жұмыртқа түрінде шығыңқы болып келетін стадионның ұзындығы 215 метр, ал ені шамамен 30 метрді құрайды. Айналаға биіктете төселген топыраққа көрермендер жайғасқан. Құрметті қонақтарға арналып, ақ мәрмәрмен қапталған орындықтар жасалыпты. Жүгіру алаңының кеңдігі соншалық, бұл жолақпен бір мезетте сегіз атлет қатар жүгіріп өте алатын. Олимпия ғимараттарының ішінде киелі тоғайдың солтүстік-батыс жақ бетінде орналасқан гимназияны ерекше атап өтуге болады. Коллоннадамен қоршалған гимназияның кең ауласында жүгіру жолдары мен диск лақтырудан, және күресетін арнайы орындар бар. Гимназия ауласындағы жайқалған жасыл желектің көлеңкесінде жаттығу жұмыстарынан кейін атлеттер тынығатын. Ағаштардың арасында сол кездегі атақты олимпиониктердің мәрмәрдан қашалған мүсіндері қойылды. Гимназия ауласының ортасында тастан салынған палестра ғимаратында да түрлі жаттығулар өткізілетін. Ғимарат ішінде доп ойындары мен қапшықты ұруға арналған бөлмелер болды (бұл жаттығулар жұдырықтасу ойындары үшін өткізілетін еді). Осы жерден монша да салынды. Бір бөлмеде адамдар денесін маймен сылатып, рахатқа бөксе, келесі бөлмеде Египеттегі Ніл жағалауынан жеткізілген майда құммен булау жасалатын. Жаттығу алдында атлеттер денесін маймен сылап, кейін құм шашатын. Ал жарысқа қатысушыларға арналған тұрғын үйлер – алғашқы олимпия ауылы гимназиянің іргесінде орналасты.

6a5b8c070f4a2a1ed36a2e12926f1de7.jpg

Олимпиада жақындаған сайын Элидаға Грекияның түкпір-түкпірінен «қасиетті келісім» орнату туралы хабарды сүйіншілей жариялаған хабаршылар асыға жететін. Сол кездегі хабаршылардың тіпті соғысты тоқтатуға да құдіреті болды. Халықтың көңілінен шыққан жақсы жаңалықты жеткізетін оларды гректер мекендеген Грекия ғана емес, Қырым, Мысыр мен Испанияда да құрметпен қарсы алатын. Дегенмен, гректердің барлығы бірдей Ойындарға қатыса алмағанын естен шығармау керек. Жарысқа қатысу үшін мынадай басты талаптар қойылды: сайыскерлер құл немесе варвар, қолын қанға бояған қылмыскер, болмауы тиіс. Сондай-ақ, зинақорлықтан бойын аулақ ұстап, ел ұғымындағы киелі нәрселерге көлеңке түсірмеуі керек болатын. Әдетте грек мемлекеттерінің азаматтары болып саналмайтын шетелдіктер де варвар саналды. Қалай десек те, гректердің түгелдей дерлік олимпиада ойындарына қатысуы күман туғызады. Өйткені, заң бұл Ойындарға құлдар мен варварлардың қатысу мүмкіндігін шектеп, тек азат гректерге ғана рұқсат берді. Алайда, бұл азаматтардың өздері әлеуметтік жағдайы мен байлығына қарай әр алуан топтарға тиесілі еді. Құлиеленуші алпауыттармен қатар, елде ұсақ жериеленушілер мен қолөнер шеберлері де болғанын айта кету керек. Заң бұл топтағы азаматтарға Ойындарға қатысуға тікелей тыйым салмағанымен, олардың жарыста бағын сынап көруіне мүмкіндік бермейтін талаптар қойды. Олимпиада ережелері бойынша барлық атлеттер жарыс басталмастан бір жыл бұрын төрешілерге барып жазылуы керек болатын. Осылайша, олар он айдан кем емес уақыт бойы Ойынға тыңғылықты дайындалып, күн сайын жаттыққанын дәлелдеуі тиіс еді. Осыған дейін өткізілген Олимпиада жеңімпаздары ғана бұл міндеттемеден оңай құтылды. Бұдан бөлек, әрбір қатысушыға Ойын басталғанға дейін бір ай бұрын гимназияда сынақтан өту міндеттелді. Әрі барлық шығындарды да қатысушы өз қалтасынан төлейтін. Олимпиада ойындарының өткізілетіні туралы хабарландыруды естіген гректерде ес қалмайтын. Адамдар қайықтарға тиеліп мініп, жарыс өтетін жерге жеткенше асықты. Жан-жақтан жаяу-жалпылап жеткен адамдардың жас құрамы да алуан түрлі болатын. Алайда, әйел затына бұл ойындарды тамашалауға тыйым салынып, өлім жазасымен қорқытылды. " Эллада жазбасы" туралы кітабында Павсаний Олимпияға жақын жерде Алфеяның жағасындағы биік шың туралы жазады. Салынған тыйымға қарамастан, қасиетті Ойындарды көруге келген қыз-келіншектер осы биіктен төменге тасталатын. Павсанийдің жазуынша, бұл мейрам кезінде жарыс көрермендері арасынан әйел заты табылған бір ғана оқиғаның орын алыпты.

a8fc194ca2a0284a0bc5ceb1d625e7df.gif

Ол әйелхалық аузында Ференика аталып кеткен әйгілі Каллипатера болатын. Есте жоқ ескі заманнан келе жатқан аңыз бойынша бұл әйел олимпиада чемпиондары көптеп шыққан Родос аралын мекендеген атақты Диагоридтер әулетінің өкілі көрінеді. Ол өз баласы Посейдорды жұдырықтасып, төбелесу өнеріне үйретіп, жарысқа дайындапты. Тыйымға қарамай Олимпияға келген ол ұлының жеңіске жетеріне сенімді болған көрінеді. Осы бір сәтті өз көзімен көрмек болған Каллипатера ерлерше киініп, педотриб-бапкерлердің арасына сіңісіп кетеді. Бес бірдей қарсыласын ұрып құлатқан баласы Посейдор олимпионик атанған кезде анасы қуаныштан есі шығып, арадағы кедергіден секіріп өтіп, ұлына ұмтылыпты. Баласын аймалап сүйген бақытты ананың сол кезде ерлерше киген жамылғысы үстінен ұшып кетеді. Заң бойынша Каллипатер биік шыңның басынан тасталуы керек болса да, төрешілер бұл жазаны орындауға бата алмады. Бұл әйел чемпионның қызы, чемпионның апасы, әрі чемпионның анасы болғандықтан, кешірім жасалады. Алайда, мұндай жағдай тағы да қайталанбасы үшін Ойынға қатысушылардың жанында жүрген педотрибтерге жалаңаш жүруді міндеттейтін жарлық шығаруға тура келеді.

Олимпияға аттанған керуендер ата жауына тиесілі аймақтан алаңсыз өте беретін. Олар өздеріне ешкімнің де тимейтініне сенімді болатын. Егер қан майданның сол кезде тоқтатылмағанын ескерсек, бұл бір ерекше құбылыс болатын. Он екі ғасырға созылған уақыт ішінде киелі келісім тек бір рет қана аяқасты болыпты. Аркадийлықтар б.з.д 368 жылы 103-Олимпиада кезінде Олимпияны басып алады. Бұған ашуланған гректердің кектенгені соншалық, аркадийлықтар аяусыз жазаға тартылып, ұзақ жылдар бойы Олимпия ойындарына қатысу құқынан айрылады.

bdb3ce0b32ca67c24bc400a075e9ea04.jpg

Олимпияға барар жолда қариялар жастарға спорттық жарыстардың қалай дамып, өркендегені туралы әңгімелейтін. Ойындар әу басында бір ғана қашықтық бойынша стадиодромда жүгіруден ғана өткізілді. Б.з.д. 724-жылы 384,54 метр қашықтыққа қосарлана жүгіру бағдарламасы - диаул енгізілді. Кейін б.з.д. 720-жылы алысқа шабар жүйріктердің жарысы – долиходром немесе 24 кезеңмен жүгіру қосылды. Б.з.д. 708-жылы 18-Олимпиадада жүгіру мен ұзындыққа секіру, дискі мен найза лақтыру және күресті қамтыған бессайыс енгізілді. Дәл осы Олимпиадада алғаш рет балуандар бағын сынап көрді. Араға бес жыл салып өткізілген Олимпиадада б.з.д. 688-жылы жарыс бағдарламасы жұдырықтасумен толықтырылды. Екі Олимпиададан кейін арбалар жарысы, ал б.з.д. 648-жылы өткізілген 33-Олимпиадада жарыстың ең ауыр әрі қатыгез түрі панкратион енгізілді. Бұл жарысқа қатысушылар жұдырықтасып, күресу өнерін қатар меңгеруі тиіс болатын.

Панкратионға қатысушылар түрлі ауыр соққылар жасайтын: қарсыластарға қылғындыру, аяқпен тебуге, ауырту әдісін қолдануға, тіпті тістеп алуға да рұқсат берілді, Кейін ойындар бағдарламасына қару-жарағымен жүгіру, кернейшілер мен герольдтердің жарысы, дөңгелек тартысу, балалар күресі, бәйге және бессайыс енгізілді. Ал б.з.д. 200-жылы 145-Олимпиада ойындарында тіпті балалар панкратионы өткізіледі.

Ойын өткізілмес бұрын Олимпияның айналасында көрермендерге арналған шатырлы қалашық салынады. Адамға толы, тіршілігі қарбалас бұл қалада саудагерлер өте көп болатын. Бәс тігуге құмар азаматтар үшін сол кездегі букмекерлер бейресми болса да, жер-жерде қызу жұмысқа кірісті.

Көптен күттірген сәт те келіп жетті. Ай туған сәтте олимпияда мерекелеу басталатын. Көрермендер бұған дейінгі Алфея өзені мен стадионның арасында жеңімпаздардың мәрмәрдан қашалған мүсіндерін таңдай қаға тамашалайды. Бұл ескерткіштер жаңа жартықұдайлар шыққан қалалардың қаржысына бой көтерген болатын.

·Алғашқы олимпионик Корэб Элидадан шықты;

·«Мықтылардың мықтысы» Милон Кротонның тумасы;

·Кориннен келген Политес 212-Олимпиадада бір күннің ішінде жарыстың үш түрінен жүлделі болды;

·Тебеялық Ласфен жүйрік аттармен 30 шақырымдық бәйгеге түсті;

·Акрийлік Никкола жүгіруден белді атлеттерден үздік шығып, қатарынан екі Олимпиадада бес рет жеңіске жетті. Бозбалаларға Крон төбесінің үстіндегі Зевстің құрметіне тұрғызылған ондаған мүсінді көрсетті. Осы статуялардың барлығы да қарсыластарын ақша беріп сатып алмақ болған, алаяқтығымен танылған жарысқа қатысушыларға салынған айыппұлдардан түскен қаржыға тұрғызылған болатын. Тарихи ескерткіштерге қарап, мұндай ереже бұзушылықтардың әр қилы болғандығын білуге болады. Мәселен, б.з.д. 496-жылы өткізілген 71-Олимпиадада элланодиктер (төрешілер) өзінің қарсыласын жұдырықтасу сайысы кезінде абайсыз өлтіріп алған атлет Клеомедті жеңісінен айырды. Б.з.д. 480-жылы өткізілген 75- Олимпиадада жұдырықтасудан әлсірегенін айтып, панкратионға қатысудан бас тартқан әйгілі атлет Теаганға айыппұл салынды. Ал Ойын бағдарламасының жарыс ережелеріне барлық сайыскерлер бағынуы міндетті болатын.

eb702e8b166cd069259854754a6b5fcb.jpg

·Б.з.д. 420-жылы ұйымдастырылған 90-Олимпиадаға заңсыз қатысты деп айыпталған шабандоз Лихас жүлдеден қағылды, Спартандық Лихас өз елі сол кезде Олимпиадаға қатыспағандықтан, басқа қаланың намысын қорғауға бекініпті. Ал 98- Олимпиададан кейін Зевстің төрт бірдей статуясы орнатылды: төбелесудің шебері Эвполдың үш қарсыласына пара бергені анықталып, спортшылардың төртеуі де жазаланып, көпшілік алдында масқараға ұшырады. Тіпті статуядағы жазулардың бірінде осы абыройсыз оқиға туралы жазылыпты:

"Олимп жеңісі ақшамен емес, аяқтың жылдамдығы және дененің шымырлығымен келеді. ".

Олимп мейрамы Зевстің алтыннан соғылған статуясына қарай бағыт алған салтанатты процессиямен басталады. Процессияны элланодик-төрешілер бастаса, олардың соңынан атлеттер мен атақты азаматтар ілеседі. Зевске құрбандық ретінде үлкен екі өгіз сойылды. Жануарларды бауыздаған кезде төрешілер мен сайыскерлер қасиетті ағаштың бұтақтарымен көркемделген гүлшоғырмен марапаттауға лайықты болуға салтанатты түрде ант береді. Зевске арнап құрбан шалу рәсімі орындалғасын, процессия басқа құдайлардың храмына қарай бағыт алады. Мұнда да осындай түрлі рәсімдер жасалады. Кешкісін жеребе тартылғаннан кейін мейрам думанды кешке ұласады. Бұл кезде атлеттер ірімшіктің бір кесегін салқын сумен ішіп, ашқұрсақ күйде ұйқыға бас қояды. Бұл жеңіске жетудің бір жолы болғандықтан, жүлдеге берілер қомақты сыйлықтан дәмелі атлеттер мұны құлшына орындайтын. Жарыста жеңіс тұғырынан көрінген атлеттер жартықұдай саналады. Оларды тіпті туған жерінде де адамның басы айналар сән-салтанатпен қарсы алып, құрмет көрсететін. Мұндай құрмет чемпиондардың ғұмырының соңына дейін жалғасады, тіпті өлгеннен кейін де ол кіші құдайлардың қатарына қосылады. Бұл жеңіске деген ынта-жігерді арттыра түсері анық.

Сонымен, көптен күткен мезет те келіп жетті. 40 мыңнан 60 мыңға тарта көрермендер стадионды қоршай жайғасады. Кернейлеткен жаршылар жиылған жамағатқа элланодиктер мен құрметті қонақтар көшінің тақап қалғандығын жарыса жеткізуге кіріседі. Аренаның бұрышында тұрған атлеттер есімдерін жаршылар баяндаған сәтте кезек бойынша ортаға шығып, көрермендерге сәлем береді. Жаршылар сайыскерлердің шыққан тегі мен туған жерін, аты-жөнін жаңғырта баяндап, Олимпияның құрметті қонақтарынан осы атлеттің азат әрі лайықты азамат екендігіне қаншалықты келісетіндігін үш мәрте сұрайды. Осыдан кейін алыптар айқасы басталады. Алғашқы күні жүгіруден жарыс өткізіледі. Екінші күні бессайысшыларға кезек келеді. Ал үшінші күні күрес пен жұдырықтасу және панкратион басталады. Төртінші күні балалар арасында сайыс өткізіледі. Балаларға жүгіруден берілген қашықтық ересектердікінен екі есеге қысқа болып келеді. Сайыстың бесінші күні төрт ат жегілген арбалар жарыс жолына шығады. Айналымы 1538 метр және 14 шақырымға созылған жарыс басталады. Олимпиада мерекесі ас та төк банкеттермен аяқталады. Бұл думанды шараны әр мемлекет кезектесіп ұйымдастырады.

d70010634b910b190534e7d0f2e0dfd5.jpg

Әдетте көпшілік алыптар айқасы басталатын жарыстың үшінші күнін асыға күтеді. Бұл кездесулер күрестің дөрекі түрімен басталады. Мұнда баспен соғуға тыйым салынбаған, дегенмен, жұдырық сермеуге мүлдем болмайды. Айқас алаңы батпаққа айналғанша су шашылып, балуандар өз денесін маймен сылайды. Күрестің бұл түрінде жеңіске жетуге талпынғандар епті әрі күшті екендігін көрсетіп, қарсыласын жерге үш рет алып ұру керек. Ал жұдырықтасу сайысы бұдан да қатаң түрде өтеді. Бұлшықеттері білеуленген балуандарға дем беріп, делебесі қозған көпшілік шайқастың барыншы қызықты болғанын қалайды. Бірақ, қызып кетіп, қарсыласын өлтіріп алған сайыскерлерге өте қатаң жаза қолданылады. Балуандардың жұдырығы өгіздің жұмсақ терісімен оралады, айта кету керек, олардың бас бармағы ғана ашық тұрады. Бұған қоса білегін де осылай орайды, бұл қолды зақымдануынан қорғап, соққыны күшейте түседі. Бас пен бетке ұруға болғандықтан, денесін жарақаттап алудан сақтанған жігіттер басына теріден, тіпті темір дулығалар киіп алатын. Абайсызда талмау тұстан тиген бір соққы сайыс тағдырын шешетіндіктен, қарсыластар барынша сақтана төбелеседі. Оңтайлы сәтті күткен олар ұрымтал тұстан соққы беруге тырысады.

Дегенмен, гректер қара күштің басымдығымен тынар дөрекі төбелестен гөрі, әдемі ойын өрнегін көрсеткендерді қатты құрметтейтін. Б.з.д. I ғасырда Карий елінің өкілі Меланком шеберлігімен көрермендерді тәнті қылды. Қолын алға қарай созған ол қарсыластарын алыста ұстап, соққысын дарытпауды жете меңгерген. Осындай амал-айласы арқылы Меланком тіпті бірнеше сағат бойы тоқтаусыз төбелесе алатын. Ақыры қарсыласының әбден әлсіреп құлағанша алдыртайтын ол өзімен кұш сынасуға шыққан жігіттердің ешбіріне ауыр жарақат келтірмепті. Әрі жауырыны жерге тимей, жеңілмеген тұлға ретінде тарихта қалды.

Жарыстың үшінші күні панкратион басталады. Бұл жарыс та жұдырықтасу өнеріне негізделген. Панкратионшылар еш құрал қолданбай, жалаңаш жұдырықпен шығатын. Аяқтарын ыңғайлап, мығым тұрған сайыскерлер қарсы соққыдан жалтарып, бір-біріне жұдырық сермей бастайды. Кейде қарсыластардың бірі қорғана бастаса немесе әлсірей бастаса, шабуылға көшеді. Балуандардың бірі жерге құлағаннан кейін сайыс күрес түрінде жалғасады.

Спорттың бұл түрінен Кротондық ұлы Милонға лайықты қарсылас табылмады. Ұзын бойлы, алып денелі, бұлшықеттері білеуленген жігітке көрермендердің бәрі тәнті еді. Аңыздарға сенсек, ол сол күні алтыншы мәрте олимпия жүлдесіне (57 - 63 Олимпиада аралығы) қол жеткізіпті. Жеңісіне қанаттанған Милон өзінің құрметіне бауыздалғаналып бұқаны көтеріп алып, стадионды бір айналып шыққан көрінеді. Кешкісін өз жеңісін тойлауға кіріскен жеңімпаз бір бұқаның етін бір өзі жеп қойыпты-мыс.

Стадиондағы жарыстардан бөлек, ипподромдарда өткізілген бәсекелердің де аса тартысты өткендігін айта кету керек. Б.з.д. 680-жылы ат спортынан ең алғаш жарыс өткізілген кезде сайыс бағдарламасы өзгертіліп отырды. Алдымен төрт ат жегілген арбалар жарыстырылды. Кейін екі ат жегілген арбалар шығарылды. Содан кейін бәйге ұйымдастырылып, тіпті пәуескелер жарысы ұйымдастырылды. Олимпия ипподромы сол кездің өзінде ғаламат үлкен болды: ұзындығы 720 метр, ал ені 320 метрді құрады. Басында бұл жылқылардың иелері әрі бапкер, әрі қатысушы ретінде бағын сынап жүрген. Бара-бара бұл тартысқа қатысу өте қауіпті болып кетті. Өйткені, мәре сызығын бірінші болып кесуге құлшынған сайыскерлер жеңіске жету үшін небір өрескел әрекеттерге барды. Олар тіпті қарсыласының арбасын аударып тастаудан да тайынбады. Осының кесірінен кейбір жарыстар адам өлімімен де аяқталып жатты. Осындай сұмдықты көзімен көрген ауқатты ат қора иелері басын бәйгеге тігуден біртіндеп бас тарта бастады. Олар құлдарына өздерінің атын беріп, жарысқа қатыстыруға көшті. Жеңіске жеткен құлдарға қожайынының атынан қомақты сыйлық пен басына бостандық берілді. Ал азат азамат атануға ұмтылған құлдар қожайынының абыройын асыруға тырысып, ешкімді аямады. Бұл әдет кейін кеңінен тарап, қатерлі жарыстарға тек «кәсіби шеберлер» ғана қатысатын болды. Осындай адал құлына сенген байлар тіпті Ойындарға да келе бермейтін. Мұндай әдет әсіресе мемлекет істерімен шұғылданатын, шаруасы тығыз жоғары лауазымдылар арасында кеңінен тараған. Құдіреті асқан кейбір алпауыттар үлкен атқораны ұстайтын. Олардың ішінде римимператорлары Тиберий мен Неронды айта кетуге болады. Олардың есімдері олимпиада жеңімпаздары ретінде жиі аталады.

39575bd8d18e31a54a10f74b9a6afb6e.jpg

Жатжерліктердің Олимпиада ойындарына қатысуына тыйым салынғанымен, олимпиониктердің арасында римдіктер де болды. Б.з.д. 146-жылы Грекияны римдіктер жаулап алды. Осыдан кейін гректер ертеден келе жатқан дәстүрді бұзып, римдіктерге Ойынға қатысуға рұқсат берді. Кеудесін қуаныш кернеген Нерон Олимпияда таңғажайып сарай салдыруға пәрмен етті. Кейін арбалар сайысына өзі де қатысып көрмекке ниет етті. Бұл жарысқа көп адам қатысуы тиіс еді. Олардың ішінде танымал тұлғалар да, кәсіби шеберлер де көп болды. Алайда, бұл жарысқа құдіретті императордың өзі қатысуға бел байлағанын білгенде барлығы да жым-жылас болды. Өйткені, олардың ешбірінің де Неронмен "чемпиондыққа" таласуға батылы жетпеді. Себебі, Неронның жолын кескен сәтте өзінің өмірімен қоштасарын жақсы білді. Осылайша, Нерон он ат жегілген арбамен ипподромды жалғыз өзі айналып шықты. Абыройсыздық дегенді қойсаңызшы, мәреге жетер сәтте екі рет құлап түсті. Дегенмен, лавр жапырағымен безендірілген гүлшоғырды таққан оның бұл сәтсіздігіне күлуге ешкімні дәті бармады. Ал бұл кезде римдіктер Олимпиада ойындарына цирк қойылымдарын енгізіп жіберді. Бұл ойын ажалмен айқасқан гладиаторлардың шайқасы болатын. Жиналған қауым өлімге бас тіккен гладиаторлардың өнерін тамашалап, олардың арыстан мен жолбарыс, қалаберді бұқа секілді жабайы аңдармен арпалысына тәнті болды. Бірақ мұны спорттық сайыс деп айтуға келмейді, бұл шара пайданы көздеген жай ғана коммерциялық қойылым болатын. Әрі гректердің олимпия идеалдарына кереғар келді.

Бз.д. 394-жылы христиандық салтанат құрып, Шығыс пен Батыс императоры І Феодосий христиандықты ресми дін деп жариялап жіберді. Феодосийдің «христиандық ар-ожданы» саналған Миланепископы Амбруазу Олимпиада ойындары ескінің жұрнағы болғандықтан, дінге қайшы деп санап, бұл уәжіне императорды ақыры көндіріп тынады. Осыдан кейін епископтың бұл ойындардың тамырына балта шабу керек деген үгітіне ерген Феодосий ақыры Ойындарды заңсыз деп санап, өткізілуіне тыйым салады.

Дельфийлік оракулдің кеңесімен Ифит патшаның кезінде б.з.д. 884-жылы саяси мақсатта ұйымдастырылған ойындар ақыры б.з.д. 394-жылы әулие Амбруазаның ақылына құлақ асқан император І Феодосийдің бұйрығымен жойылып тынады. Олимпиядағы ғимараттардың ғұмыры да ұзаққа созылмады. 395-жылы византиялықтар мен готтар Алфей жағасында айқасқа түседі. Осы соғыстың салдарынан Олимпияның талқаны шығады. Араға отыз бір жыл салып, ІІ Феодосий осы ғимараттарды түбегейлі құртып, өртеп жіберуді бұйырады. Іле-шала Зевстің алып храмы қиратылып, әлемнің жеті ғажайыбының бірінен саналатын Фидияның туындысы Константинопольге әкетіледі. Бұл әрекет те христиан дінінің атынан жасалған болатын. Жүз жылдан кейін болған екі жерасты дүмпуі ақыры Олимпияны құртып тынды. Аяқаасты арнасынан асқан өзендер бүкіл қорғандардың күл-талқанын шығарып, бір кездері әйгілі ойындар өткізілген Олимпиада құм мен шөгінділердің астында қалды.